Тәрбиеші болу-бақыт
Тәрбиеші болу-бақыт
Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау.
Мағжан Жұмабаев
Сүйіп, таңдап және мақтан тұтатын мамандығым – тәрбиеші!
Кішкентай нәрестеге тәлім-тәрбие, бағыт-бағдар беру, екінші ана болу неткен қызық екенін басымнан кештім.
Әр баланың мінез-құлқын білу, онымен бірге бала болу, оның сүйген ертегісін, ойындарын, өлеңдерін, әндерін сүйю, ашуын тарқатуды білу — үлкен шеберлік.
Қолға алған пластилиннен адам қалай зат жасайды, солай балабақшаға келген нәрестеден тәрбиеші еліміздің ұрпағын тәрбиелейді. Сондықтан осы мамандық ел үшін өте маңызды екенін тәрбиешінің өзі ғана түсініп біледі.
Кейде ойлаймын, мен баланы ата-анасынан артық жақсы көремін, деп. Неге ойнамады, қалай тамақтанды, ұйқысы қандай, оянғанда қасына барып ұйқысын ашамын. Сабақта істей алмағанын көмектесемін, көрсетемін, түсіндіремін – Әлемді көріп тануды үйретемін. Мектепке дайындық жасаймын, болашаққа жол ашамын. Ата – аналарға кеңес беремін. Еңбексүйгіштік, мейірімділік, Отанды сүйіп, ананы сыйлап, тәртіп сақтауды үйрету мақсатында көптеген тәсілдерді қолданамын. Үйге келгенде де ертеңгі сабақты қызықты өткізу үшін не істейін, деген оймен жүремін. Сабаққа ынтасын салып көңілі көтеріңкі болса, ол мен үшін үлкен қуаныш. Олай болған кезде балаға деген ыстық ықыласым шексіз. Маған қараған мөлдіреген көздері үміт артады деп сезінем, сол үмітін ақтау – парызым.
Өмірге адам бала үшін ұрпақ жалғастыру үшін келеді екен. Сол ұрпақты тәрбиелеу үшін сана сезімізді, білімімізді, шығармашылығымызды аянбай өсіруге тырысамыз.
Бала зейінін дамытып, жеке тұлғаға айналдырумен, жүрегіне жылылық ұялатумен, дарынын ашумен айналысып келемін.
Еңбек жолымның 20 жылын балаларға арнадым. Ішкі жан дүниесін таныдым, аялап алақаныма салып, тыным көрмей еңбек еттім. Сол еңбегімнің жемісі болып көптеген шәкірттерім табылады. Бүгіңгі күні олар үлкен азамат болды, түрлі мамандық иеленді, бірақ көргенде танып, құшағын жаяды: «Біз Сізді ұмытпаймыз», – деген сөздерін еңбегімнің жемісі деп санаймын. Ұстазы жақсының ұстамы жақсы дегендей, өз ұсаздарымнан алған тәжірибемді үнемі қолданамын.
Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында: «Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деген. Осы заманға сай ұрпақты өсіруге үлес қосамын деп сенім білдіремін.Ұстаз- ұлық емес,ұлы қызмет!